Ауғандық ардагерлер ардақталған күн
Нұржау жалпы орта мектебінде 9 ақпан күні кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай тарихи-мерекелік шара өтті. Мектеп директоры Г.Ж.Кенжегалиева қонақтарды құрметпен қарсы алып, шараның өту барысымен таныстырып өтті.
Үш кезеңнен тұратын үлкен шараның алғашқы бөлімінде ардагерлеріміз Айжарық Әлмұратұлы Сақташев 3 «а» сыныбымен (жетекшісі С.Ғазизова), Серік Зейнетоллаұлы Мұфтахов 7 «а» сыныбы (жетекшісі А.Сағындықова), Шынтемір Мұстахимұлы Тайшин 10 «а» сыныбы (жетекшісі Ә.Абуталиева) ұйымдастырған тәрбие сағаттарына қатысып, ерлік естеліктерімен бөлісті. Тәрбие сағаты барысында Ауғанның отты жылдарындағы бейнеролик тамашаланып, оқушылар түрлі сұрақтар қойды.
Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі А.Ғ.Хамитов ұйымдастырған шараның екінші бөлімі әскери-спорттық сайыс түрінде өтті. Шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалып, мектеп басшысы қатысушы командаларға сәттілік тіледі. «Лашын» әскери патриоттық клубы әскери қоян – қолтық жаттығуын көрсетті. 7-10 сынып оқушыларынан құрылған «Жалын», «Алау», «Қыран», «Намыс» топтарына ардагер ағаларымыз топ басшысы болып сайланып, түрлі кедергілерге толы сайыста күш сынасты. Мылтық шашу, шашылған мылтықты құрау, кедергілерден өту арқылы мақал-мәтел құрастыру, шарды көздеп жару, интеллектуалды сұрақтарға жауап беру сияқты қызықты сайыстан ардагер ағаларымыз керемет әсер алып, сайыс соңында гитарамен ән шырқап, керемет көңіл-күйде болды. Ардагер ұстаз Мардашев Аманғали төрелік еткен жарыста көршілес Хиуаз ауылынан келген қонағымыз, АӘД пәнінің мұғалімі, ардагер ұстаз Серік Саханұлы Сапарғалиев бастаған «Жалын» тобы бас жүлдені иеленді.
Екінші бөлімнен кейін қазақы дәстүр бойынша қонақтарға дәм ұсынылды.
Мерекелік шараның қорытынды бөлімінде ардагер ағаларға арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Шара барысында Ауған соғысының ардагерлері сөз алып, соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, шара ұйымдастырушыларына алғысын білдірді. Мектеп оқушыларының дайындаған өнерлерін тамашалап, керемет көңіл-күйде болды. Шара соңында мектеп басшысы спорттық сайыс бойынша қатысқан командаларды марапаттап, ардагер ағаларға арнайы дайындалған естелік сыйлықтарды табыс етті.
Ерлік пен батырлық, рухты ағаларымыздың намысты табандылықтары ешқашан ұмыт қалмақ емес. Егемендігіміз ел қолында тұрғанда жас ұрпаққа батырлар ерлігін насихаттайтын шаралар жалғасын таппақ.