Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз
Мектебімізде «Әсем-ай» қыздар ұйымының ұйымдастыруымен 7–11 сынып оқушылары арасында «Қыз баланың денсаулығы: жеке шекарасы және қауіпсіздігі» тақырыбында жалпы қыздар жиналысы өткізілді.
Жиналыстың негізгі мақсаты – қыз балалардың өз-өзін жақсырақ түсінуіне ықпал ету, денсаулығына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу, жеке бас гигиенасы мен қауіпсіздік ережелерін сақтау, жеке шекарасын қорғай білу және кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыру.
Жиынға Құрманғазы аудандық ауруханасының акушер-гинекологы Уәлиханова Ұлдай Уәлиханқызы, аудандық аурухананың психологы Таурова Ақмарал Тоқтарқызы, мектеп инспекторы Арайлым Жексенбайқызы, мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ж. Мухлисова, мектеп медбикелері Г. Джумабекова, сынып жетекшілер қатысты.
Жиынды «Әсем-ай» қыздар ұйымының басшысы Ж. Жарасқызы ашып, қыздар ұйымының жұмысының мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарға қорытынды жасады. Қыз балалардың мектеп өміріне белсенді араласуы, өзара сыйластық пен қолдау көрсетуі, әдептілік пен жауапкершілікті ұстануы жөнінде ой бөлісті.
Кездесу барысында акушер-гинеколог Уәлиханова Ұлдай Уәлиханқызы «Өз денсаулығыңды қорға: жыныстық сауаттылық және жеке бас гигиенасы» тақырыбында қыз балалардың жас ерекшелігіне сай денсаулықты күту, жеке гигиенаны сақтау, өз ағзасына ұқыпты қарау және денсаулыққа қатысты мәселелер туындаған жағдайда мамандарға жүгінудің маңыздылығы туралы пайдалы ақпарат берді.
Мектеп инспекторы Арайлым Жексенбайқызы қыз балалардың қауіпсіздігіне тоқталып, қоғамдық орындардағы, көшедегі және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік ережелері, бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста сақтық таныту, өз құқықтары мен жеке шекарасын қорғау мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мектеп медбикесі Г. Джумабекова «Денсаулық – өмір негізі» тақырыбында сөз сөйлеп, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, күн тәртібін сақтау, тазалық пен жеке гигиенаның денсаулыққа әсері жөнінде кеңестер берді.
Ал аудандық аурухананың психологы Таурова Ақмарал Тоқтарқызы қыз балалармен психологиялық бағытта тренинг өткізіп, өзіне деген сенімділікті арттыру, эмоцияны дұрыс басқару, өз ойын еркін жеткізу, қиын жағдайда көмек сұрай білу және бір-бірін қолдау тақырыптарында түрлі жаттығулар ұйымдастырды. Тренинг барысында қыздар белсенділік танытып, өз ойларымен бөлісті.
Жиналыс соңында мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ж. Мухлисова кездесуді қорытындылап, қыз бала тәрбиесінде отбасы, мектеп және қоғамның бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті. Қыздарға өз денсаулығын бағалауға, өзін құрметтеуге, жеке шекарасын сақтауға, қауіпсіздік талаптарын білуге және өмірде кездесетін түрлі жағдайларда саналы әрі жауапты шешім қабылдауға шақырды.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылына арналған «Әсем-ай» қыздар ұйымының құрамы қайта жасақталып, мектеп бойынша қыздар ұйымының белсенді мүшелері сайланды. Ұйым мүшелеріне алдағы оқу жылында қыздар арасында мәдени-танымдық, тәрбиелік, психологиялық және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу міндеттері жүктелді.
Қыз бала – ұлттың болашағы, отбасының берекесі, елдің көркі. Сондықтан әрбір қыздың өз денсаулығын қорғауы, өзін құрметтеуі, жеке шекарасын білуі және қауіпсіздігін сақтай білуі – маңызды өмірлік дағдылардың бірі.
«Өзіңді құрметте – денсаулығыңды қорға, шекараңды сақта, қауіпсіздігіңді бағала!» 🌷
Қауіпсіздік – өзіңе деген жауапкершілік! 🌷
Құрманғазы ауданы
Нұржау ауылы
Стамгазы Ақботин көшесі, 1 үй
+7(7122) 3-83-64
shnurzhau@mail.ru
Гульбаршын Кенжегалиева
Zina Kerey
Шошахова Камшат
Құрманғазы Аудандық Білім Бөлімі
Атырау Облыстық Әдістемелік Орталығы
Атырау Облысы Білім Басқармасы
Өрлеу Атырау