Құрметті ата-аналар!
Қымбатты оқушылар!
Кеше ғана ортамызда асыр салып жүрген Нұржау жалпы орта мектебінің 4-сынып оқушысының Шарон өзеніне абайсызда суға кетіп, қайғылы қазаға ұшырауы баршамыздың жүрегімізге ауыр жара салды. Бұл орны толмас қасірет мектеп ұжымын ғана емес, бүкіл ауыл-аймақты есеңгіретіп отыр. Ең алдымен, марқұм шәкіртіміздің отбасына, туған-туыстарына, жақындарына мектеп әкімшілігі атынан қайғыра көңіл айтамыз. Бұл бәрімізге ортақ қайғы.
Біз осыған дейін де оқушылардың қауіпсіздігіне байланысты сынып сағаттарында, ата-аналар жиналыстарында, арнайы мамандардың қатысуымен түсіндіру және ескерту жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келдік. Дегенмен, қауіптің алдын алу тек мектептің ғана емес, ата-ана мен қоғамның да ортақ жауапкершілігі екенін бұл оқиға тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Құрметті ата-аналар!
Баланың қауіпсіздігі ең алдымен отбасының назарында болуы тиіс. Әсіресе жаз мезгілінде балалардың бос уақытын бақылаусыз қалдырмауды, су айдындарына үлкендердің қарауынсыз жібермеуді қатаң сұраймыз. Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Балаларыңызбен жиі сөйлесіп, табиғат аясындағы, өзен-көл маңындағы қауіпсіздік ережелерін қайта-қайта ескертіп отырыңыздар.
Қымбатты оқушылар!
Өмір — адамға берілген ең қымбат аманат. Өз өмірлерің мен денсаулықтарыңа немқұрайлы қарамаңдар. Үлкендердің рұқсатынсыз суға түспеңдер, қауіпті жерлерге бармаңдар. Батырлық пен тәуекел әрқашан ерлік емес екенін ұмытпаңдар. Нағыз ақылдылық — қауіптің алдын білу.
Бұл қайғылы жағдай баршамызға үлкен сабақ болары анық. Жүрегімізде “әттеген-ай” деген өкініш қалғаны да рас. Сондықтан, біз енді мұндай орны толмас оқиғалардың қайталанбауы үшін бірігіп әрекет етуіміз керек. Мектеп, ата-ана және қоғам болып балаларымыздың қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарауға шақырамын!
Балаларымыз аман болсын!
Еліміздің ертеңі — жас ұрпақтың өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен қымбат!
Нұржау жалпы орта мектебінің директоры Гүлбаршын Жақимқызы
